Каспий жағасындағы алғашқы party, Домбыра party 23.05.2013ж

«Домбыра Party» деген бір өзі керемет бастама сияқты ғой! Анау Алматының жастары әр бейсенбі сайын кешкі жетіде Арбат деген жерде жиналып, домбыра тартады екен. Біздің Ақтауда теңіз жағасында осылай жасауға мүмкіндік бар ма?!
деп Маңғыстау фейсбукшыларының тобына Уайс Ерсайынұлы ағамыз екі үш күн бұрын тақырып қозғаған еді. Содан осы бейсенбі өткізейік деп келісіп, бәріміз ұйымшылдықпен Ақтау қаласында, Каспий теңізінің жағасында кешкі саған сегізде алғашқы Домбыра party-імізіді өткізіп жібердік.
Мүмкін басқа домбыра патиларға қатыспағандығымнан шығар, бірақ бұл домбыра пати меніңше керемет өткен сияқты. Енді әр бейсенбі, сағат 20:00-де, теңіз жағасында, Астана ойын сауық кешеніне қарсы аялдам жанында жиналатын болып келістік.
Суреттері міні.


Әрі қарай

Домбыра Party Астана 2013. Беташар

Биылғы кештердің шымылдығын түрдік. Өзіміз бас болған істі өңірлер әлдеқашан дөңгелетіп алып кетті. Әсіресе Алматы, Атырау, Жаңаөзеннің арыны қатты. Апта сайын дүрілдетіп жатыр. Бізге Арқаның адуынды мінезіне шыдауға тура келді. Мамырдың ортасынан асқанда Астана да жылыды-ау әйтеуір. Соның өзінде, кешегі Party-дің соңына қарай жағымыз үрпиісіп, тоңа бастадық.

Кешегі кездесу өнерпаздардың көптігімен ерекшеленді. Ең басты қонағымыз Жанғали Жүзбаев ағамыз. Аза таныстыруын келістіріп-ақ жазды ғой. Алғашқы адым сол кісінікі деп шештік. Ағай Тәттімбеттің «Саржайлауын», Сүгірдің «Шалқымасын» орындап берді. Ақсақалмен бірге «Шабыт» университетінен жас домбырашылар ере келген екен. Олар да төкпе күйдің шырайын келтірді. Әрине әттең-ай бар осы тұста. Алқа-қотан иірілген жұрт күйдің дауысын қалағандай ести алмаған сияқты. Сондықтан, келесіде, күйшілерге кішкене колонкалар қою жағын ойластырып көру керек.

Тағы бір өкінішіміз, өткен жылғы Party-лердің жұлдыздары болмады. Нұрғиса іссапарда, Аза Хабарға хабар тасып жүр. Шенеунік Алдан да кешігіп келді. Жазғыра алмаймыз. Жұмыстың аты жұмыс.

Дегенмен, суырылып шығып (кейбірін мәжбүрледік шыны керек) шырқағандар көп болды. Осыған қуандық. Келесіде ән айтам деушілер бұдан да көп болатынына сеніп тарқастық.

Иә, айтпақшы, кеше Астанамен қатар Алматы, Қызылорда, Атырау, Жаңаөзенде де Party өтті, менің білуімше. Енді бір-екі аптадан соң барлық өңір бірігіп, бір мезетте өткізетін боламыз. Кең даланың барлық ірі қаласында домбыра үнін әуелетіп, бір әнді бірігіп шырқаймыз. Әне флешмоб! Қайда әлгі Гиннес?
Әрі қарай

Домбыра Пати Жаңаөзенде екінші рет

Ассалаумағалейкүм, ағайын!09.05.2013 ж. Жаңаөзен қаласында 2 – ші рет Домбыра Пати өтті. Жеңіс күнімен қатар келгендіктен, Жеңіс күні туралы Джалғасов Нұрболат бауырымыз бір ауыз айтып өткен болатын. Екінші рет өткізіліп отырған Домбыра Патиіміз әдеттегідей «Жалын» жастар орталығының алдында өтті. Біраз жамағатта жиналды, өткендегіге қарағанда. Тәтті күймен, әсем ән тыңдап демаалып қайтты. ИншАллаһ Жаңаөзендіктер Домбыра Патиді дәстүрге айналдыратын болады.
Басталар сәттен көрініс
Басталар сәттен көрініс.





Мына кішкентай қызда Домбыра Патиімізге өз үлесін қосуға келіпті. Күй тартып, ән айтып берді. Есімі Мөлдір екен. Риза боп қалдым. Осы қыздың келгені мені қуантып тастады. Алла ғұмыр жасын ұзақ қылсын. Бақыт тілеймін.

Жолымов Әбубәкір бауырымыз әдеттегідей ән салып жатырған кез.

ЖАҢАӨЗЕН. Домбыра Пати. 09.05.2013 жыл.
Балтабаев Серік блог sbaltabai.yvision.kz/
www.youtube.com/channel/UCTOI-9TgefWMAoOKbcUUBeA/videos
Әрі қарай

Домбыра PARTY Алматы

Сөйтіп, кеше үшінші рет Домбыра Пати өткіздік. Жалпы, Алматыда да дәстүрге айналып бара жатқан сияқты. Қуаныштымын. Басында төрт-ақ адам болғанбыз, біртүрлі, көңіл күпті болып тұрды. Әлде, жұртты қызықтыра алмадық па, әлде жалықтыра бастадық па деген ойлар келді. Сөйтсееее… Кеше кешке теледидардан бокс көрсетілетін күн екен ғой)))


Әрі қарай

"Домбыра Party" Қызылордада

Бүгін! Алғашқы рет! Кешкі сағат 19:00де Қызылорда қаласында «Домбыра Party»! Келіңіз, көріңіз, әдемі кештен қапы қалмаңыз! Өтетін орны: орталық алаңдағы ескі фонтан маңы, «Майя, майя» пиццериясының артында орналасқан. Байланыс телефондары: 8 701 317 16 15 Сабыржан және менің номеріме де хабарлассаңыздар болады
деп ақпараттандырып фейсбукқа жаздық. Бірінші мәрте өткізгелі отырғандықтан, қалай болар екен деп те ойластық. Арнайы ешкімді шақырмадық, бірақ жоспарда шақыру бар еді… Сабыржан екеуміз таныс домбырашы дос, құрбы-құрдастарды іздедік. Күнде хабарласа отырып, Сабыр 4-5 жігітті тапқанын айтты. Онда бастап кетейік, қалғандары қолдайды дедік те, 04.05.2013ж жоспарладық.
Әрі қарай

Жаңаөзендегі Домбыра Пати

Жаңаөзен қаласында 02.05.2013 ж. сағат 19.30 да алғашқы рет Домбыра Пати болып өтті. Домбыра Пати «Жалын» жастар орталығының алдында болды. Астанадан бастау алған бұл игілікті іс Жаңаөзен қаласында жалғасын тауып отыр. Алғашы рет болғандықтан қалай болар екен деген ойлар болған. Бірақ өз деңгейінде өтті. Жиналған қауым біраз күй тыңдап,ән тыңдап демалып қайтты. Домбыра тарта алмайтындар да, домбырашыларға шабыт беріп «еу», «беу», «шап», «жібер» дегендей үн қосып қолдау көрсетуді ұмытқан жоқ. Домбыра Пати әдеттегідей әр бейсенбі сайын жалғасын табады. Уақыты 19.30 басталады. Алғашқы Домбыра Пати қалай болғандығын суреттер сөйлесін, содан соң Жаңаөзеннің сарқытын көріңіздер.


Жиналып жатырған сәт. Басым бөлігі жастар.
Әрі қарай

Домбыра пати Астанада!

Кеше Арқаның төсінде, Астананың төрінде, Бәйтеректің жанында, Керуеннің алдында Керекшілер ұйымдастырған тамаша іс-шара өтті. Шартты түрде «Домбыра пати» атауын алған іс-шараның басты мақсаты — домбыраны, қазақшылықты насихаттау. Ұмытыла бастаған игі дәстүрді қайтадан сәнге айналдыру. Астана уақытымен кешкі 21.30-да басталған пати 23.00-де аяқталды. Керекшілерден бөлек қыдырыстап жүрген адамдар да қызықтады. Өнерлерімен бөлісті.
Соңында «Көп жасаңдар!» мен «Маладестер »-дің астында қалған керекшілер сол жерде әр бейсенбі Бәйтерек маңында 20.00-де осы дәстүрді жалғастырмаққа уағдаласып тарасты.
Ал, әзірге патиден суреттер:

Әрі қарай